2020 жылдың 19 қараша күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Приозерск қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-нде мектеп психологы, экономика және қаржылық сауаттылық негіздері пәнінің мұғалімі Нарманова Пердегул Кенесовна «Үнем – қоғам қуаты» жобасы бойынша «Әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі» тақырыбында жоғары сынып оқушыларының қатысуымен ZOOM платформасы арқылы онлайн түрінде кездесу өткізді. Мақсаты: ресурстарды орынды тұтынуды және бөлуді көздейтін прагматикалық өмір салтын үйрену. Кездесу барысында П.Нарманова Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы тұтас қоғамның және әрбір қа­зақ­стан­дықтың санасын жаңғыртудың бір­неше бағы­ттарын атап көрсетіп, сол бағыттардың бірі прагматизмге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар қазіргі қоғамда орынсыз сән-салтанат емес, керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық, қарапайымдылық, үнемшілдік қасиеттерінің шынайы мәдениеттің белгісі болып табылатындығын өмірден мысалдар келтіре отырып түсіндірді. Кездесуге спикер ретінде «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының Балқаш өңірлік филиалы, 389906 бөлімшесінің директоры Абдукаликов Думан Асетович қатысты. Д.Абдукаликов та тақырып аясында өз ой-пікірлерімен бөлісті. Кездесу сәтті аяқталды.